Мақсаты: Білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру, кітаптың адам өміріндегі маңызын, ғылым мен білімінің пайдасы жөнінде түсіндіру. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Оны күтіп ұстауға тәрбиелеу
Көрнекілігі: Кітап көрмесі. Дана адамдардың кітап жөнінде айтқан сөздері. «Кітап – жаз азығы», «Кітап - өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес». Серке Қожамқұлов.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» Абай Құнанбаев.
Барысы:
Мұғалім: Жұмбақ шештірту
Қабат-қабат қатталған,
Асыл сөзбен апталған.
Парағы бар сөйлейтін,
Ол қазына өлмейтін.
(Кітап)
Ой қозғау:
1-топ: - Мектепке балалар не үшін келеді?
2-топ: - Оқу, білімді алу үшін оқушыға не керек? (Кітап)
3-топ: Кітаптың пайдасы туралы қысқаша әңгімелеп беріңдер.
Мұғалім:
Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кітап елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында қолданады. Одан ақыл – кеңес, тәлім – тәрбие, үлгі - өнеге алады. Кітап – біздің рухани жан азығымыз.
«Кітап – ғалым, тілсіз мұғалім» деп тегін айтылмаған ғой. «Өнерлі болуға тәрбиелеп, талай ғажайып істердің құпиясын ашуға көмектесетін ақылдың кені кітапқа арналады. Кітап – ғылым, ол бүкіл адам баласына ортақ. Кітап – ғылым, білім жемісін халық арасына жаюшы, таратушы. Кітап – ақылдың кені.
Кітапта алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы
Кітабыңның әр бетін,-деп Музафар Әлімбаев атамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар – сендерге білім көзі, рухани қазына. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білім мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек.
Кітап туралы тақпақтарын тыңдау
- Ал, балалар қандай кітап түрлерін білесіңдер?
Кітап түрлерімен таныстыру. Қызыл кітап Қазақстандағы азайып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді жазады, қазақ ертегі кітабы, арнайы оқулықтар, ұлы ғұламалардың өмір баяны туралы т.б түрлері өте көп.
Кітап арабтың “жазу” деген сөзінен шыққан.Ол тарих шежіресі,оқу тәрбие құралы болып табылады.”Оқымасаң ой тоқырайды”деген сөз кітап оқымағанның ойы таяз, санасы төмен, өмірі қараңғы болатыны дәлелдейді.
Алғашқы кітаптар осыдан бірнеші жыл бұрын пайда болған.Ол біздің қолымыздағы еш ұқсамайды.Алғаш рет кітап жұмсақ балшықтан жасалған.Жұмсақ балшыққа үшкір нәрсемен жазу жазып,оны кептіріп,кейін күйдірген.Ол кәдімгі кірпіш тас сияқты болған.Бамбук өсімдігінен таяқшалар әзірлеп соған да жазған.Ежелгі Египетте кітапты тасқа қашап жазған.Кейін жануарлардың терісінен пергамент деп аталатын материал жасалып,кітап соған жазылған.Еуропада кітап шығарудың негізгі материалы қағаз XIII ғасырда пайда болды.Кітаптың шығу тарихы мыңдаған жылдар мен ғасырларды артқа тастаған.
Көрініс «Кітаптар мұңы»
- Ей, бауырым тұрсаңшы!
(Ата тілі) - Біз қайда келдік өзі?
(Қазақ тілі) – Ой, мазамды алмашы.
(Математика) - Өйткен тірлігі бар болсын. Оданда парақтарымның жыртылып желге ұшып кеткені дұрыс еді ғой?
- Не болды, не болды соншама? Жалғыз сен деймісің осындай күйге түскен.
- Ой, сен кімсің, сыртың бүп-бүтін ғой өзіңнің.
- Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанмен ішім түтін. Ата тілімін ғой. Мені басып шығару үшін қаншама адам еңбек етті. Балалар оқысын, сауат ашсын, адам болсын деген ниет қой бәрімізде. Мен де өзімнің білімімді беруге тырыстым ғой.
- Бәрімізде сондай ниетте едік. Артықбай деген баланың қолына түстім.
- Мен ше, мен Сотқарбай деген баланың кітабымын. Ол парақтарымды жыртып алып, кептер жасап ұшырып ойнағанда, апасы да, ағасы да қой демеді ғой, шіркін!
- Е онда мұңдас болдық қой, достым. Мені де Артықбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді, бетімді, сызып шимайлайды ғой.
- Әр оқушы өз кітапбына ұқыпты болса ғой әттең. әрине әдепті балалар көп. Мысалы менің бір досым бар. Ол екеуміз бір парталас болдық. Оқушы деп соның иесін айт! Бүлдірмек түгілі, шаң мен кір жуытпайды.
- Иә, енді алдағы күніміз не болар екен? Мүмкін, осы екеуміздің мұңымызды естіген балалар болашақта кітаптарын таза, жыртпай ұстайтын шығар деп үміттенемін.
- Иә, достар кітап, қадірін білетін жақсы балалар көбейе берсе екен.
Кітап туралы ой-толғаныстар
1-топ: Кітап оқымай ми толмайды, көз көрмей, көңіл тынбайды.
2-топ: Адам өледі, кітап жасарып жасай береді.
3-топ: Кітап-ең сабырлы ұстаз.
Хормен: Кітап-рухани қазынамыз
Оқушы мен кітаптың тілдесуі.
Алихан: Ақыл –ойдың иесі,
(оқушы) Бар ғылымның жүйесі
Қуанышы көңілдің
Баспалдағы өмірдің
Жан азығы серігім
Ардақтамас сен кім?
Азамат (кітап):
Күнде өсіп көлемім
Көріктеніп келемін
Көптің тауып керегін
Кезінде айтып беремін
Бірақ білмес нарқымды
Байқап жүрмін әркімді
Оқушы: Зарина
Әсерлемей, асырмай
Айтшы бәрін жасырмай
Жан азығым серігім
Ренжіткен сені кім?
Кітап: Нұрдәулет
Кейбіреулер ерігіп
Бос журуден зерігін
Бетімді тек ашады
Әңгімеге басады.
Жолдарымды сызады
Шырқымды да бұзады
Онымен іс бітпейді.
- Міне, балалар кітапты қалай күтіп ұстауымыз керек екен?
(Оқушылардың ойларын білу)
Таза, ұқыпты, жыртпай, сызбай, кірлетпей, күтіп ұстау керек.
Қорытындылау:
Иә, кітап – қоғамның рухани күштерін дамытудың қуатты құралы, мәдениеттің қайнар бұлағы, оның өзекті саласының бірі. Рухани мөлдірліктің, биік парасаттың, асқақ адамгершіліктің, арқалы ойдың қоймасы. Кітап арқылы біз өткенге көз жібереміз, одан қымбат мұра жинаймыз, тәжірибеге кенелеміз.
Балалар, бүгін сендер «Кітап – білім бұлағы» атты тәрбие сағатымызда кітап жайлы көп естіп білдіңдер. Енді соңында Өтебай Тұрманжанов ағаларыңның кеңесімен аяқтағым келіп тұр. Кітапты шала – шарпы оқу зиян. Шала оқысаң, оқуың бойыңа жұқпайды. Ылғи шала – пұла, тез оқуға әдеттеніп алсаң, кітап оқуға кеткен еңбегің еш болады. Сондықтан сендерге айтарым: кітапты шала оқымаңдар. Бастаған кітабыңды аяғына дейін оқитын бол. Сонда кітапқа деген қызығушылығың арта түседі. Ылғи бір мезгілде оқып үйрен. Сондықтан кітапты шала оқыма, тиянақты оқитын бол.